ШҚО әкімі Серебрянскідегі аты аңызға айналған әскери бөлімде болды
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов №97638 әскери бөлімге барды

Алтай ауданындағы бұл әскери бөлім Шығыс Қазақстанның әуе шекарасын қорғап, стратегиялық міндеттерді орындайды және мемлекеттің қауіпсіздігінің тірегі болып табылады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
№97638 әскери бөлімі – бұл ерлік пен даңқтың шежіресі. Курск шайқасы, Днепр, Варшава, Берлин – осы майдандарда полк жауынгерлері теңдессіз батырлық көрсетті. Бүгінгі сарбаздар осы мұраны жалғастырып, Қазақстан тәуелсіздігін қорғаудың алдыңғы шебінде тұр, – деді аймақ басшысы.
Бұл бөлімнің жауынгерлік тарихы 1942 жылдан, 316-шы гвардиялық миномет полкі ретінде басталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлер майдан даласымен от кешіп, ондаған марапаттарға ие болды, оның ішінде Суворов, Кутузов, Хмельницкий және Невский ордендері бар. Мыңнан астам жауынгер Кеңес әскері қолбасшылығы тарапынан жеке марапатталған. Соғыстан кейін полк бейбітшілікті қамтамасыз етуге қатысып, 1961 жылдан бастап Шығыс Қазақстанда орналасып, өңірдің ірі стратегиялық нысаны – Бұқтырма СЭС-ін күзетіп келеді.
Бүгінде заманауи техникамен жабдықталған бұл бөлімде жоғары жауынгерлік дайындықпен борышына адал жаңа буынның кәсіби мамандары қызмет етеді. Бұл – нағыз офицерлер ұстаханасы және бүкіл Шығыс Қазақстанның беріктігі мен қуатының символы.
Аймақ басшысына бөлімнің негізгі нысандары – командалық пункт, казарма, медпункт бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен қатар, "Қаһарман" мектептегі әскери-патриоттық клубының және ерікті іздестіру қозғалысы "Жарқынның" жұмысы таныстырылды.
Сапар соңында облыс әкімі бөлімнің асханасында сарбаздармен бірге әскери дастарханнан дәм татты. Әскер дәстүріне сай түскі асқа ботқа мен шай берілді. Бұл – Отан қорғаушылардың қызметі мен күнделікті тұрмысына деген құрметтің тағы бір белгісі болды.