Елдегі этносаясатты іске асырушылардың бірі - мемлекеттік қызметшілер
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай дөңгелек үстел отрысын өткізді

Жиынға қатысушылар "Бірлік пен жасампаздыққа – 30 жыл" тақырыбы аясында әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бұл азаматтық қоғам институты 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша құрылды. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді.
Қазақстанның ерекшелігі – көпұлтты мемлекет. Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Біз әртүрлі ұлт өкілдерінің Қазақстанға қалай келгенін жастар білуі үшін осындай дөңгелек үстелдер, конференциялар, тарих сабақтарын жиі өткізуге тырысамыз, - дейді ШҚО "Ассамблея жастары" төрағасы Равиль Юнусов.
Дөңгелек үстел отырысына мемлекеттік органдардың, ҚХА ШҚО ғылыми қауымдастығы өкілдері, этнодемография саласындағы жетекші сарапшылар мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Жиынға қатысушылар әлеуметтік-экономикалық үрдістер кезіндегі Қазақстанның демографиялық дамуы, ҚХА-ның ғылыми-сараптама қызметі, әлеуметтік тұрақтылық, қазақстандық қоғамда мемлекеттік құндылықтарды насихаттау мен нығайтуға жастардың қатысуы сияқты өзекті мәселелерді талқылады.
Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалы "Бір ел - бір тағдыр" жобасын қолға алды. Жоба аясында мемлекеттік қызметкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, "Ел бірлігі деген не? Қоғамдағы ынтымақтастықты қалай нығайтамыз? Елімізді қалай дамытамыз?" сұрақтар қойылды. Облыстың мемлекеттік қызметкерлерінің 30 пайызы қамтылды. Қорытындысы жақында шығады. Сондай-ақ, біздің филиал этносаясат бойынша мемлекеттік қызметкерлерді оқыту бағдарламасын әзірлеп жатыр, - дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ШҚО бойынша филиалының директоры Жанар Буканова.
Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысы Ержан Айқымбековтің айтуынша, мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдерінің үлесі артып келеді. Облыс бойынша мемлекеттік қызметте жүрген қызметшілердің 15%-ы басқа ұлттардан құралған.