Қазақстанда легионерлерді мемлекет бюджетінен қаржыландыруға тыйым салынды
Мемлекет басшысы қол қойған заң 16 маусымнан бастап күшіне енді

Енді спорт клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруға лимит енгізіліп, шетелдік спортшыларды қолдау алынып тасталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 15 сәуірде қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң 16 маусымда күшіне енді.
Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – Қазақстан Республикасының азаматы емес спортшыларды мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу. Бұл норма ел азаматтарының спорттағы және қаржылық қолдаудағы басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Біз ең алдымен отандық спортшылардың тиісті деңгейде дайындалып, жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасағымыз келеді, – деген еді бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ заң аясында кәсіби спорт клубтарын ұстауға мемлекет тарапынан қаржыландыру лимиті белгіленді. Бұл шара бюджет қаражатын тиімді әрі ашық пайдалануға, клубтарды қосымша қаржы көздерін іздеуге ынталандыруға және мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Жаңа нормалар спорт саласында тұрақты әрі тиімді қаржылық модель қалыптастыруға ықпал етеді. Ендігі кезекте бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне қолдау көрсетуге және жоғары жетістіктер спортын ілгерілетуге басымдық берілетін болады.