Зайсанның жігіттері гір көтеруден әлем чемпионатына барады
Ақмола облысында гір спортынан ерлер арасында ҚР чемпионаты өтті

Бұл сайыста жеңіске жеткендер әлем чемптонатында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
13-16 маусым аралығында Щучинск қаласында гір спортынан ерлер арасында Қазақстан Республикасының әлем чемпионатына іріктеу жарысы өтті. Аталған дода еліміздің ең мықты спортшыларын анықтап, халықаралық аренаға шығатын үміткерлерді іріктеу мақсатында ұйымдастырылды.
Бұл байрақты бәсекеде Зайсан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты. Жанарыс Қайратов 73 кг салмақта 24 кг гір тасын серпе қозғалыспен 127 рет көтеріп, қарсыластарынан оқ бойы озып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ал +95 кг жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тәжірибелі спортшы Қуаныш Қыдырпатша 32 кг гір тасын 188 рет жұлқа көтеріп, сегізінші рет ел чемпионы атағын қорғап қалды.