Облыстағы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы мемлекеттік қызметкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесінде қызметкерлердің 15%-ы міндетінен тыс жұмыстарды атқаратындығы үшін шағым түсірген. Бұл басшылардың ресми түрдегі емес, ауызекі тілде айтылатын тапсырмалары екен.
Сондай-ақ, 54%-ы медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмаса, 46%-ы мемлекеттік қызметкерлерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасына шәк келтірмейді.
- Сауалнама нәтижесіне тағы қосарым, мемлекеттік қызметкерлердің 77%-ы өздерінің және отбасы мүшелерін медициналық қызметпен толық қамтамасыз етілгенін қалайды, - дейді ШҚО мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ернар Ташенов.
ШҚО-ның Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері алдағы отырыстарда мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытына байланысты регламентін ортаға салмақ. Бұл әсіресе, басшының нұсқауынсыз түнгі уақытқа дейін үйлерінеқайта алмай, жұмыс орнында отыратын қызметкерлерге қатысты болмақ.