Өскемендіктер танымал спортшының жетекшілігімен таңғы жаттығу жасады
Спорт пен салаутты өмір салтын насихататйтын "Чемпиондық рух" жобасы аясында өскемендік жастар жағалауда таңғы жаттығу жасады

Жаппай жаттығуға "Aqtai Judo Club" спорт клубының спортшыларымен бірге өзге де қала тұрғындары қосылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жаттығулар Славский атындағы жағалаудағы Даңқ мемориалы алаңында өтті. Ал оны ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2000 жылғы Сидней Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Айдын Смағұлов жүргізді.
Мамыр айында елде "Чемпиондық рух" жобасы басталды. Ол ең алдымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Басты міндет – жастардың рухын, спортқа деген қызығушылығын ояту, күш-жігерін дұрыс бағытта жұмсауды үйрету, - дейді "AMANAT" партиясының "Жастар Рухы" жастар қанатының ШҚО бойынша филиал төрайымы Қорлан Туғамбаева.
Өскеменде бұл жоба бірінші рет өткізіліп отыр. Оны "AMANAT" партиясының "Жастар Рухы" жастар қанатының ШҚО бойынша филиалы мен "Aqtai Judo Club" спорт клубы ұйымдастырды. Сондай-ақ ШҚО полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Біз қазір балаларды болашақта тек спортта ғана емес, қай салада болсын чемпиондық рухта болатындай етіп тәрбиелеп жатырмыз. Біз тек спорт бағытында ғана емес, жалпы дене шынықтыруды жан-жақты дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз, - дейді дзюдодан спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Айдым Смағұлов.
Шара соңында таңғы жаттығудың символы болған көгілдір шар көкке көтерілді.
Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шараларды жиі әрі түрлі форматта өткізуді жоспарлауда.