Қазақстандықтардың жеке деректері әлемжеліге тарап кеткені рас па?
Кеше телеграм арналардың бірі 16 млн азаматтың жеке деректері тарады деген ақпарат жарияланды

Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осыған қатысты тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ, - деп мәлімдеді министрлік. - Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте.
Министрлік егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданатынын ескертеді.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі осындай жағдайларда жарияланған деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған ескі мәліметтер болған, - деп мәлімдеді министрліктегілер. - Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады.