Қазақстанда алғаш рет қуық қызметінде ақауы бар балаларға ота жасалды
Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы базасында екі бірегей ота жасалды

Бұрын-соңды елімізде несеп ұстай алмау мәселесі бар балаларға мұндай ота жасалмаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Енді отандық урологтар мен нейрохирургтар бірігіп, қуық қызметінде ақауы бар балаларға көмектесетін болады.
Бұл - бел аймағына нейростимулятор-имплант орнату арқылы жүргізілетін ота, құрылғы өткізгіш арқылы сакралды жүйкемен байланысады. Генератор әлсіз электр импульсін жіберіп, жүйкені ынталандырады. Нәтижесінде ынталандырушы қуықтың жұмысын бақылауға көмектеседі.
Қазақстанда балаларға мұндай ота бұрын-соңды жасалмаған. Ал шетелдік әріптестеріміз нейромодуляцияны көптен бері қолданып келеді. Оның басты мақсаты – балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, – деді орталықтың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рахым Айдарұлы.
Пилоттық отаны алматылық дәрігерлер Беларусь елінен келген нейромодуляция және функционалдық нейрохирургия саласының сарапшысы Владимир Алексеевецпен бірлесіп жасады.
Науқастардың бірі бұған дейін іріңді парапроктитпен ауырған. Өкінішке қарай, оның салдары ретінде атониялық қуық дамыды – бұл органның бұлшық еттерінің әлсіреуін білдіреді, – деп түсіндірді дәрігер. - Егер бала сирек зәр шығарса, бұл кейіннен зәр рефлюксі мен іріңді пиелонефрит сияқты ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Мәселені шешу үшін сакралды электрод пен нейростимуляторды орнату туралы шешім қабылданды – баланы бұл дерттен құтқаруға әрекет жасап көреміз.
Екінші жағдай – жұлын жарығы бар, зәр мен нәжісті ұстай алмайтын 9 жастағы бала.
Мұндай диагноз кезінде бұл – қолда бар соңғы емдеу әдісі. Қазір жамбас ағзаларының жұмысын қалпына келтіретін басқа әдіс жоқ, – деп нақтылады нейрохирург Владимир Алексеевец.
Ота екі науқасқа да өмір сапасын жақсарту және әлеуметтену үшін жасалды – олар мектепке барып, құрдастарымен еркін араласуы тиіс.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері бұл әдісті тәжірибеге енгізіп, кішкентай науқастардың дені сау болып өсуіне көмектесуді жоспарлап отыр.